A- A A+
Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Зеренді ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Елге қадірлі есім

Жарық дүниеден өзi өтсе де, абзал iстерiмен, қарапайымдылық, адамгершiлiк қасиеттерiмен ел жадында жүретiн, сағына еске алатын жарқын тұлғалар аз емес. Олардың рухани өмiрлерi уақыт өткен сайын естелiктер арқылы жаңарып, толыға түсiп, бiрге қызмет еткен әрiптестерi мен құрмет тұтатындар арасында есiмi жиi ауызға оралып, ел-жұрт санасында бәйтеректей биiктей беретiнi шындық.

Осындай ел аузында есiмi қайталана аталып, ауданды басқару, мұрағат қызметi саласында өзiндiк сүбелi үлестерi мен айшықты қолтаңбасы қалған, ел қызметiне еңбегi сiңген, бiрегей тұлғалардың бiрi, кеңес, партия қызметкерi, мұрағат негiзiн қалаушы- Елтай Зейнелғабиденұлы Айтхожин болатын.

Елтай Зейнелғабиденұлы Айтқожин 1931 жылы 15 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшiлдер ауданының Казгородок ауылында шаруа отбасында өмiрге келген. Әкесi-Зейнелғабиден Айтқожин 1942 жылы Ұлы Отан соғысында қаза болған. Анасы-Күләнда Айтқожина 1938 жылы ерте қайтыс болған. Ата-анасынан ерте айрылып, жетiмдiк тауқыметiн тартқан Елтай Зейнелғабиденұлы 1943-1948 жылдар аралығында Казгородок мектеп-интернатында тәрбиеленедi. Оқығаның жақсы болса, көздеген жерiңе өзi бастап апарады демекшi, 1948-1953 жылдар аралығында Алматыдағы Қазақ мемлекеттiк ауыл шаруашылық институтында бiлiм алады.

Еңбек жолын 1953 жылы ауыл шаруашылық Министрлiгiнiң жолдамасымен Боровской ауыл шаруашылығы құрылымдарында-МТС, РТС-та бас инженер болып бастап, қабiлет-қарымымен көзге түскен ол өндiрiстiк бөлiмнiң басшысы етiп тағайындалады. Бұл мiндеттердi атқаруда сөзi мен iсiн байлап өскен Елтай Зейнелғабиденұлы ауыл шаруашылығының жай-жапсарын, кәсiби мамандығын терең меңгерiп, табандылығын танытты. Кейiн 1965 жылы Келлеровка ауданының Летовочное көлiк жөндеу шеберханасының директоры лауазымында қызмет атқарды. 1972 жылы Көкшетау облысы, Чкалов аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы болып тағайындалды. 1976 жылы Красноармейец халықтық депутаттар Кеңесiнiң атқарушы комитетiнiң төрағасы қызметiн атқарды. Еңбекпен адамның өмiрi өрнектеледi дегендей, Елтай ағаның еңбек жолы осылай өз сәтiмен алға қарай жылжып сала бередi. Сөйтiп, 1980 жылдан зейнеткерлiкке шыққанша Зерендi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiн атқарды. Елтай Зейнелғабиденұлы ауданымыздың өркендеуiне, экономикамыздың дамуына зор үлесiн қосты. Ауданды басқарып тұрған кезiнде совхоздарда жеке тұрғын үйлер, бала-бақшалар мен мектептер бой көтердi. Бiздiң ауданымыз ет, сүт сияқты ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiру бойынша алдыңғы қатарда болды. Бүкiл саналы ғұмырын, таланты мен қабiлет-қарымын, күш жiгерiн ауданымыздың өсiп-өркендеуiне жұмсады. Ол көпшiлдiгi, ақпейiлдiлiгi, меңменсiздiгi жоқ, ақыл иесi екендiгiмен көпшiлiкке сыйлы басшы бола бiлдi.

Ел алдындағы осындай ерен еңбегi, iскерлiгi үшiн екi мәрте Қызыл жұлдыз, «Құрмет белгiсi» ордендерiмен , медальдармен марапатталды.

Еңбегi сiңген демалысқа шықса да ел қамын ойлап, құжаттардың жойылуынан сақтау мақсатымен 1991 жылдың шiлде айында Зерендi ауданының мемлекеттiк мұрағатының негiзiн қалап, өмiрiнiң соңына дейiн басқарып келдi. Ол мұрағат iсiн одан әрi жетiлдiрiп, мұрағат қызметiнiң материалдық базасын нығайту, мұрағаттық құжаттардың сақталуын және пайдалануын қамтамасыз етуде елеулi еңбек еттi. Ел басқарып, мұрағат қызметiмен орайлас iстеген еңбегi елдiң есiнде сақталары анық. Оның есiмiн еңселендiрiп тұратын бiр жай-басшылықтағы тез өскен баспалдақтары да емес, ең алдымен, қарапайым адамның қамын ойлаған, елдiк мүдденi биiк қойған қасиетi едi.

Елтай ағамыздың бойындағы iзгi қасиеттер, ол атқарған игiлiктi iстер ұрпағымен жалғасын тауып, қызы-Жанат Елтайқызы әкесiнiң жолын қуып, осы мұрағат саласына елеулi еңбек үлесiн қосуда. Еңбек десе ерiнбеген, заманның жалына жабыса бiлiп, өз iсiнiң нағыз маманы атанған Жанат Елтайқызы өзiнiң туған ұжымы болып кеткен мұрағатта қызмет еткенiне 14 жыл болды.

Халқы сүйiп, қадiрлеген Елтай Зейнелғабиденұлы Айтқожин сияқты ардақты ұлының есiмiн ел есiнде мәңгi сақтау мақсатымен мұрағатта оның жеке тектiк қоры ашылды. Оның жеке тектi қоры өмiрi мен қызметi барысында құралған құжаттарынан тұрады. (өмiрбаяны, жеке куәлiгi, оқу бiтiргендiгi туралы дипломы, еңбек кiтапшасы, жеке iс парағы, жарыққа шыққан жеке мақалалары, грамоталары суреттерi, сыйға тартылған кiтаптар және т.б.)

Өмiрге келiп, ат жалын тартып мiнiп, ел iсiне араласқан күннен бастап, көшбасшылық қалпынан айнымай, қай iсте де, қай тұста да iскерлiк пен ұйымдастыру қабiлетiн, әдiлдiк пен талапшылдықты, азаматтықты жанына жалау етiп өмiрден өтсе де артына игiлiктi iс пен үлгi-өнеге қалдырған асыл азаматтың туғанына 85 жыл, арамыздан өткенiне 14 жыл болып отыр. Елге қызмет жолында ерен iс атқарған Елтай Зейнелғабиденұлының есiмi бүгiнгi буын мен келешек ұрпақ жадында да болсын деген оймен қолыма қалам алдым.

Зерендi ауданы мемлекеттiк
мұрағатының мұрағатшысы
Шынар Бекенова


Парақтағы соңғы өзгерістер:: 25.04.2016 16:51

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2024 Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Зеренді ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Яндекс.Метрика
Сопровождение сайта: «Компания ИНТЕГРО»