A- A A+
Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Зеренді ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қазақтың жарық жұлдызы

Белгiлi ғалым-сыншы Рахманқұл Бердiбай: «Мәлiк сынды аты аңызға айналған ардагер азамат, әрi қаһарман, әрi ғалым туралы бұл тұста айтылар әңгiме аз болмаса керек. Оның Ұлы Отан соғысында көрсеткен таңғажайып ерлiгi жөнiнде де естелiктер, көркем шығармалар жазылар, әдебиеттануға, фольклортануға сiңiрген зерттеушiлiк еңбегi жайында да мақалалар, монографиялар туар. Ақырында Мәлiктiң қоғамдық қайраткер, үлгiлi ұстаз, жастардың тәрбиешiсi ретiндегi қызметтерi де есепке алынар. Соның бәрi қосылып келiп, «Мәлiкнама» атты Үлкен кiтаптың тарауларын құрар», — деген едi.

Ендеше, Мәлiк Ғабдуллиннiң ерлiкке толы ғұмыры келер ұрпаққа сабақ болары сөзсiз. Айта кетейiк, Кеңес Одағының Батыры Мәлiк Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зерендi ауданында дүниеге келген.

М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттiк педагогикалық институтын бiтiрген. 1936 ж. әскер қатарына барып, әскери борышын өтеп қайтқаннан кейiн осы институттың аспирантурасында оқыды. М.Ғабдуллиннiң ғылыми-творчестволық жұмысы 1938 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандағы филиалында кiшi ғылыми қызметкерлiктен басталды. 1941-1946 жылдары Кеңес әскерiнiң генерал И. Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ғабдуллиннiң Ұлы Отан соғысындағы ерлiк даңқы бүкiл одаққа әйгiлi. Оның бұл ерлiгi алғаш рет белгiлi жазушы Б. Полевойдың "Правдада" жарияланған "Эпостың тууы" атты очеркiнде баяндалды. Көптеген қазақ ақындары Ғабдуллинге арнап, өлең-жырлар шығарды. Соңғы жылдары белгiлi болған деректерге қарағанда Мәлiк Ғабдуллин қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың есiмi ұлықталып, оған Кеңес Одағының Батыры атағын берiлуiне көп еңбек сiңiрген.

Соғыс аяқталып, армиядан қайтқаннан кейiн Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерiнде қызмет атқарды. Қазақ КСР ҒА-ның Тiл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттiк педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлiмiнiң меңгерушiсi болды. М.Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек еттi. "Қазақ халқының ауыз әдебиетi" (1958, 1964) атты күрделi монографиялық еңбегiнде Ғабдуллин ауыз әдебиетiн зерттеудiң ғылыми-методологиялық негiздерiн айқындап, қазақ ауыз әдебиетiндегi батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдерi, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегiлер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлiм-тәрбиелiк мәнiн ашып көрсеттi. Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретiнде бiрнеше рет қайта басылып шықты. Ол 8-сыныпқа арналған "Қазақ әдебиетi" оқулығын (1952-1957) жазды. М.Ғабдуллиннiң көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары дивизиялық, майдандық газеттерде жарық көрдi. Шығармалары жеке жинақ болып, соғыстан кейiн жарияланды. "Менiң майдандас достарым" (1947), "Алтын жұлдыз" (1948), "Майдан очерктерi" (1949), "Сұрапыл жылдар" (1971) атты кiтаптарына енген әңгiме, очерктерiнде М.Ғабдуллин майдан өмiрiн суреттеп, жауынгер тұлғасын, кеңес өкiметiнiң адамдарының Ұлы Отан соғысы кезiндегi қаһармандық бейнесiн суреттедi. Педагог-жазушы ретiнде ол жас ұрпақтың тәрбиесiне де ерекше көңiл бөлдi. "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес" (1966) деген кiтабында М.Ғабдуллин бесiк жырынан бастап, батырлар жырына дейiнгi халық поэзиясының тәрбиелiк мәнiн ашып, оны iс жүзiнде пайдаланудың тәсiлдерiн көрсетедi. Сонымен бiрге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенiмiн арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнiнде ата-аналарға педагогтық кеңес бередi.

М. Ғабдуллин ӀӀ-ӀV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң парламенттiк тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957), Югославияда (1957) болды. Ғабдуллин еңбекшiлер депутаттарының Алматы облыстық, қалалық Кеңестерiнiң депутаттығына, Қазақстан КП Алматы облыстық, қалалық, Фрунзе аудандық комитеттерiнiң мүшелiгiне бiрнеше рет сайланды. Ленин орденi, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерiмен марапатталған. "Қазақ халқының батырлар жыры" кiтабы авторларының бiрi. Мәлiк Ғабдуллин 1973 жылы 2 қаңтарда Алматыда 57 жасында дүниеден өттi.

Бүгiнгi күнi Кеңес Одағының Батыры, көрнектi ғалым және қоғам қайраткерi Мәлiк Ғабдуллиннiң 100 жылдық мерейтойы Ұлы Отан соғысындағы жеңiстiң 70 жылдығымен сәйкес келiп отыр. Ол — тек ғылым, әдебиет, мәдениет саласының майталманы ғана емес, кешегi Ұлы Отан соғысындағы елдiк, ерлiк, батырлық рухын көтеруде күллi қазақ ұлтының айбынын асқақтатқан ерен тұлға.

Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткерi Мәлiк Ғабдуллиннiң 100 жылдық мерейтойына орай 2013 жылдың 20 шiлдесi күнi Желтаудың баурайында, Мәлiк Ғабдуллиннiң бұрынғы үйi қоныстанған жерде ұйымдастырылған «Туған жерге тағзым — Отан-Анаға құрмет» атты тақырыпта өткен мәдени-танымдық шарада ұлтымыздың ұлы ханы Абылайды таққа көтерген арыс елдiң ақылман би-шешенi Қанайдың қасиеттi жұртындағы Мәлiк батырдың кiндiк қаны тамған жерден бiр уыс топырақ алынған болатын. Қасиеттi топырақты алып, Зерендiден Көкшетау қаласына жеткен көпшiлiктi Мәлiк Ғабдуллин мұражайының алдында көкшелiк азаматтар қарсы алып, салтанатты шара өз жалғасын тапқан едi. Облыс әкiмiнiң орынбасары Дәурен Әдiлбеков, Қазақстан Республикасының Парламент сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұратбек Оспанов, Көкшетау қаласының құрметтi азаматтары, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi, студент жастардың қатысуымен өткен салтанатты шарада Ақмола облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Чапай Әбутәлiпов Батырдың кiндiк қаны тамған жерден алынған бiр уыс топырақты тебiренiп тұрып мұражай директоры Құдайберлi Мырзабековке табыстаған. Осылайша тағы бiр қасиеттi экспонат мұражай қорын толықтырды. Бұл шарадан Ұлыларымызды ұлықтап, туған топырақтың қадiрiн бiлу керектiгiн ұғынуға болады. Себебi, бiз, даналар мен батырлар туған тектi елденбiз!

Ескерткiштiң ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкiмi, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сергей Кулагин «Бiздiң облысымызда ұлы адамдар мен қоғам қайраткерлерiнiң еңбегiн атап өту дәстүрi бар. Осындай азаматтар тобына Мәлiк Ғабдуллин де жатады. Мәлiк Ғабдуллиннiң есiмi бiздiң республикамыздың және облысымыздың тарихына алтын әрiптермен қашалып жазылған. Естерiңiзде болса, 1995 жылы Көкшетау қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елiмiздегi жалғыз М. Ғабдуллин мұражайының ашылу рәсiмi өткен болатын. Мiне бүгiн Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 70 жылдығы мерейтойы қарсаңында жерлесiмiзге арнап ескерткiш ашудамыз», — деген .

Биыл сол облыс орталығындағы ең алғаш рет 1995 жылы батырдың 80 жылдығына орай ашылған Кеңес Одағының Батыры белгiлi әдебиеттанушы ғалым Мәлiк Ғабдуллин атындағы музейдiң құрылғанына 20 жыл толып отыр. Мәлiк Ғабдуллин атындағы Зерендi қазақ орта мектеп интернаты жанындағы тарихи –этнографиялық мұражайдың да 20 жылдығы .

Батырдың есiмi ұлықталған жастар арасында ұйымдастырылған көкпардан республикалық турнирi мен «Ел үшiн ерлiк еткен батыр Мәлiк» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасын қалай жазбасқа. Оған қоса, асыл ердiң жүз жылдығы қарсаңында Б. Момышұлы, Ж. Жабаев, И.Байсақов, Қ. Жұбандықов, Д. Әбiлов , С.Сейiтқазин және Т.Қажыбаевтың өлеңдерi жинақталған «Мәлiк батыр» атты кiтабы жарыққа шықты.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейдi»,- дегендей Астанада Кеңес Одағының Батыры, жазушы, академик Мәлiк Ғабдуллин туралы «Тарихи тұлға» атты кiтаптың тұсаукесерi өттi. Кiтапқа жазушының жауынгерлiк жолы мен бейбiт күндердегi ұлағатты еңбегi туралы ғылыми мақалалар, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен оның арасындағы хаттары, батыр жөнiнде жазылған өлеңдер топтастырылған.

Мәлiктiң өмiрi мен шығармашылығын зерттеумен айналысып жүрген профессор, мәлiктанушы ғалым Серiк Негимов биыл 100 жылдыққа орай «Мәлiк Ғабдуллин» атты кiтап шығарған. Серiк ағамыз бұдан басқа 1985 жылы «Менiң майдандас достарым», 2005 жылы «Алтын жұлдыз» кiтаптарын, қойын дәптерiндегi жазбаларын қосқанда, осы уақытқа дейiн Мәлiк туралы 70-80-ге жуық мақала жазған екен. Ғалымның бұл жазбасында батырдың осы уақытқа дейiн беймәлiм болып келген құжаттары, ол кiсiнiң соғысқа дейiнгi қайраткерлiк iстерi көрсетiлген. Осындай игi iстер қатары шексiз.

Даңқты жерлесiмiз, қазақтың жарық жұлдызы, Батыр Мәлiк Ғабдуллиннiң жарқын бейнесi мен биiк тұлғасы бүгiнгi ғана емес, ертеңгi ұрпақтың да үлгi алар ұлағаты болып қала бермекшi.


Парақтағы соңғы өзгерістер:: 31.03.2016 16:18

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2024 Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Зеренді ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Яндекс.Метрика
Сопровождение сайта: «Компания ИНТЕГРО»